Александр Бублик әлемнің үздік ондығына оралды
Жуырда ATP рейтингі жаңарған болатын.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик ATP әлемдік рейтингінде қайтадан үздік ондық қатарына енді. Отандасымыз Римдегі турнирде ерте сүрінгеніне қарамастан, ATP рейтингінде италиялық Лоренцо Музеттиді басып озды.
Өткен аптада екі теннисші де Римдегі Internazionali BNL d’Italia турниріне қатысқан еді. Музетти 1/8 финалға дейін жетіп, кейін норвегиялық Каспер Руудқа 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді.
Ал Бублик жарысты ертерек аяқтады. Қазақстандық теннисші 1/16 финалда америкалық Лернер Тьеннен 6:4, 3:6, 5:7 есебімен жеңілді.
Дегенмен Музетти былтыр жинаған 300 рейтингтік ұпайын қорғай алмады. Соның нәтижесінде Бублик ATP рейтингінде 10-орынға көтерілді.
Алда Женевадағы жарыс
Осы аптада Александр Бублик Швейцарияда өтетін ATP-250 Geneva Open турниріне қатысады. Қазақстандық теннисші жарыста екінші нөмірлі спортшы ретінде тіркелді.
Ал Лоренцо Музетти бұл турнирге қатыспайды. Италиялық теннисші 24 мамырда басталатын "Ролан Гаррос" турниріне дайындыққа басымдық бермек.
Көш басында кім тұр?
Римдегі турнирдің жеңімпазы италиялық Янник Синнер болды. Бұл жеңіс оның ATP рейтингіндегі бірінші орнын одан әрі бекіте түсті.
Жұптық сында италиялық Симоне Болелли мен Андреа Вавассори топ жарды. Олар Римдегі жеңістен кейін әлемдік рейтингтің үздік ондығына көтерілді.
