Александр Бублик Женева турнирінің ширек финалына сенімді түрде өтті

Жекпе-жек шолушысы

Қазақстанның үздік теннисшісі Швейцариядағы ATP 250 санатындағы турнирді сәтті бастады.

Александр Бублик Женева турнирінің ширек финалына сенімді түрде өтті
expertpicks.com

Қарсыласын екі сетте жеңді

Әлемдік рейтингтің 10-сатысында тұрған қазақстандық теннисші екінші айналымда литвалық Эдас Бутвиласпен кездесті. Қазір Бутвилас ATP рейтингінде 253-орында орналасқан.

Кездесу 1 сағат 20 минутқа созылды. Александр Бублик матч бойы ойын тізгінін өз қолында ұстап, қарсыласынан екі сетте басым түсті— 6:4, 6:3.

Ширек финалдағы қарсыласы кім? 

Енді Александр Бублик жартылай финал жолдамасы үшін франциялық Артур Риндеркнешке қарсы ойнайды. Ол әлемдік рейтингте 24-орында тұр.

Айта кетейік, Бублик Женева турнирінде екінші нөмірлі ретінде тіркелген. Ал турнирдің бірінші ракеткасы болған америкалық Тэйлор Фритц күтпеген жерден екінші айналымда австралиялық Алексей Попыринге есе жіберді.

Турнирдің жүлде қоры қанша?

Женевадағы ATP 250 турнирінің жалпы жүлде қоры 612 620 еуро. Жарыс чемпионы 93 175 еуро және 250 рейтингтік ұпай алады.

Финал 23 мамырда өтеді.