Рыбакина қатысатын "Ролан Гарроста" бойкот күшейе түсті

Спорт шолушысы

Әлемнің үздік теннисшілері "Ролан Гаррос" турнирі қарсаңында ұйымдастырушыларға қарсы символикалық наразылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр. 

Рыбакина қатысатын "Ролан Гарроста" бойкот күшейе түсті
rolandgarros.com

The Guardian басылымының мәліметінше ресми баспасөз конференциясына қатысатын ойыншылар журналистермен кездесуді небәрі 15 минуттан кейін аяқтайды. Бұл шешім теннисшілердің турнир табысынан шамамен 15% ғана алатынын көрсету үшін қабылданған. Осылайша спортшылар турнирдегі сыйақы көлеміне көңілдері толмайтынын ашық білдірмек.

Теннисшілер медиа белсенділікті қысқартады

Наразылық аясында кейбір ойыншылар турнирдің негізгі медиасеріктестері TNT Sports пен Eurosport арналарына қосымша сұхбат беруден бас тартады. Дереккөздердің хабарлауынша, теннисшілер келісімшарттағы міндетті барынша аз орындап, корттан тыс белсенділікті азайтпақ.

4 мамырда ATP және WTA ұйымдарының Новак Джокович, Янник Синнер, Арина Соболенко сынды 20 үздік теннисші бірлескен мәлімдеме жасаған. Бұл бойкотқа Елена Рыбакина да қарсы еместігін мәлімдеген. Спортшылардың айтуынша, қазіргі сыйақы көлемі турнир табысымен салыстырғанда өте төмен.

Жүлде қоры өскеніне қарамастан сын көбейді

Биыл “Ролан Гаррос” ұйымдастырушылары жүлде қорын 9,5%-ға арттырып 61,7 миллион еуроға жеткізген. Жаңа жүйе бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы чемпиондар 2,8 млн еуро, финалистер 1,4 млн еуро алады. Бірақ топ-теннисшілер бұл өсімді жеткіліксіз деп санайды.

Қаржылық мәселеден бөлек, теннисшілер әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуді, зейнетақы жүйесін енгізуді талап етіп келеді. Теннис элитасы мен “Үлкен дулыға” турнирлері арасындағы бұл текетірес бір жылдан астам уақыттан бері жалғасып жатыр.