Александр Бублик Женевадағы турнирде камбэк жасады

Футбол шолушысы

Қазақстанның үздік теннисшісі Женевадағы ATP 250 турнирінің ширек финалында Артур Риндеркнешты үш сетте жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.

Александр Бублик Женевадағы турнирде камбэк жасады
x.com

Женева турнирінің жартылай финалына өтті

Бублик ширек финалдық кездесуде франциялық Артур Риндеркнешпен кортқа шықты. Тартысты өткен матч үш сетке созылып, қазақстандық теннисші қарсыласын 5:7, 6:4, 6:2 есебімен жеңді.

Матчтың бірінші партиясында Александр Бублик қарсыласына жол берді. Алайда кейінгі сеттерде ойын қарқынын күшейтіп, маңызды сәттерде сенімді қимылдады.

Нәтижесінде Бублик камбэк жасап, жартылай финалға шығуға мүмкіндік алды.

Жартылай финалда қарсыласы — Лёрнер Тиен

Енді Александр Бублик финал жолдамасы үшін америкалық Лёрнер Тиенге қарсы ойнайды. Айта кетейік, қос теннисші бұған дейін Римдегі турнирде кездескен. Сол жолы Бублик 1/16 финал кезеңінде қарсыласына есе жіберген.

Женевадағы бәсеке қазақстандық теннисші үшін реванш алуға жақсы мүмкіндік болмақ.

Бұған дейін литвалық теннисшіні жеңген

Александр Бублик турнирдің екінші айналымында литвалық Эдас Бутвиласты айқын басымдықпен ұтқан еді. Ол кездесуде 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Женевадағы ATP 250 турнирінің жалпы жүлде қоры 612 620 еуроға тең. Жарыс жеңімпазы 93 175 еуро және 250 рейтингтік ұпай алады.