
Танымал еуропалық OCTAGON ММА лигасы Жалғас Жұмағұлов пен қазіргі чемпион, грузиялық Бено Адамия арасындағы титулдық айқасты ресми түрде жариялады. Бұл — Еуропадағы ең ірі жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектердің бірі болмақ.
Жалғас Жұмағұлов өзінің OCTAGON промоушніндегі алғашқы айқасын 2024 жылдың қараша айында өткізді. Уэльстік қарсыласы Аарон Эбиді төрешілердің бір ауыздан шыққан шешімімен жеңіп, өзінің әлеуетін паш етті. Сол жекпе-жектен кейін Жако былай деді:
"Мен өмірімдегі ең үздік формадамын. Бұл ұйымға үстемдік құру үшін келдім".
Бұрынғы UFC жауынгері, Fight Nights Global лигасының үш дүркін чемпионы саналатын Жалғас әлемдік рейтингте сегізінші орынға дейін көтерілген. Ол Ұланбеков (әлемде 12-орын) пен Намды (әлемде 5-орын) жеңіп, өзінің деңгейін дәлелдеді. Енді ол OCTAGON-дағы екінші жекпе-жегінде-ақ чемпиондық белбеу үшін таласуға мүмкіндік алып отыр.
Бено Адамия — грузиялық ММА әлемінің мақтанышы. Ол 2025 жылдың ақпанында бұрынғы чемпион Криси Эспарзаны жеңіп, титулды қорғап қалды. Соңғы үш жылда алты рет жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның бесеуі алғашқы раундта мерзімінен бұрын аяқталған.
Грузияның үздік спортшыларының бірі саналатын Беноны UFC жұлдызы Мераб Двалишвилидің өзі қолдайды. Ал енді оған мансабындағы ең күрделі қарсылас — Жалғас Жұмағұлов қарсы тұрмақ.
Бұл көптен күткен жекпе-жек 2025 жылдың 28 маусымында Германияның Гамбург қаласында өтеді. OCTAGON лигасының ресми парақшасында жарияланған мәлімет бойынша:
"Мұндай деңгейдегі айқасты бұрын-соңды көрген жоқсыздар. Бұл Еуропа ММА тарихындағы басты оқиға болады!" делінген.