
Жартылай ауыр салмақта WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы ресейлік Дмитрий Бивол америкалық Дэвид Бенавидеспен жекпе-жектен бас тартты.
Бивол үшін басты басымдық – Артур Бетербиевпен трилогияны аяқтау. Бұл шешім оның чемпиондық белбеуден айырылуына себеп болуы мүмкін.
WBC президенті Маурисио Сулейманның айтуынша, Биволға Бенавидеспен жекпе-жек үшін 8 миллион доллар (4,1 миллиард теңге) ұсынылған. Бірақ ресейлік боксшы бұл ақшадан да, титулды қорғаудан да бас тартты.
Себебі Бивол тек Бетербиевпен үшінші рет күш сынасуды қалайды. Екі боксшының арасындағы айқас жанкүйерлер арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр.
Еске сала кетейік, екі боксшы алғаш рет 2024 жылдың қазанында кездескен. Ол жекпе-жекте Бетербиев көпшілік шешімімен жеңіске жеткен еді.
Алайда 2025 жылдың ақпан айындағы қарымта кездесуде Бивол төрешілер шешімімен жеңісті өз есебіне жазып, абсолютті әлем чемпионы атанды. Енді бұл қарсыластардың үшінші айқасы көпшіліктің асыға күткен оқиғасына айналып отыр.