
Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы және жартылай орта салмақтағы IBF Inter-Continental белбеуінің иегері Данияр Елеусінов алдағы жоспарларын бөлісті.
“Менің алдағы 2–3 жылға арналған нақты жоспарларым бар. Қазір мен мақсатым үшін толыққанды күресуге дайынмын. Жаңа лигада өнер көрсетіп жатырмын және ең жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздеймін. Америкада үлкен жетістіктерге жетуді армандадым және сол арманымды жүзеге асыру үшін қайта мүмкіндік алдым. Бұл мүмкіндікті жіберіп алғым келмейді”, — деді Данияр Елеусінов өз мәлімдемесінде.
Қазір қазақстандық боксшы Нью-Йоркте оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жаңа промоушен аясында дебюттік жекпе-жегіне дайындалып жатыр.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов жақында UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясының инвесторы Турки Аль аш-Шейх құрған жаңа бокс лигасымен келісімшартқа қол қойған. Турки Аль аш-Шейх қазіргі заманғы бокстың ең ықпалды тұлғаларының бірі саналады.
Данияр Елеусінов соңғы рет 2024 жылдың қыркүйек айында рингке шықты. Ол кезде ол филиппиндік боксшы Джо Нойнайды бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңген еді.