
Жекпе-жектің бірде-бірін толық уақытқа жеткізбей, 9 қарсыласын да мерзімінен бұрын жеңген Саламат Исбулаев – бүгінде Alash Pride чемпионы және әлемдік аренаға шығуға дайын тұрған ең жарқын үміттің бірі.
Alash Pride ұйымының чемпионы Саламат Исбулаев кәсіби мансабындағы барлық тоғыз жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Оның стилі – жарқын, нокауттарымен есте қалады. 28 жастағы спортшы Еуропа чемпионы атанып, Әлем чемпионатының финалына дейін жеткен. Қазір оның басты мақсаты – UFC.
Кәсіби мансабын Қазақстанда бастауды шешкен Саламат Исбулаев бүгінде Ақтөбедегі "Еркін күш" залында жаттығып жүр. Бұл – Қазақстандағы чемпиондарды дайындайтын басты орталықтардың бірі. Осы залдан Жалғас Жұмагұлов пен Сергей Морозов – UFC-ге, Алиби Идрис – The Ultimate Fighter шоуына, ал Дәурен Ермеков пен өзге де спортшылар – Naiza лигаларына дейін жеткен.
«Мен Қазақстанда кәсіби мансабымды бастау туралы шешімді саналы түрде қабылдадым. Қазақ екенімді әрдайым білдім, сол себепті де елімнің намысын қорғау – мен үшін үлкен жауапкершілік», – дейді Саламат.
Исбулаев барлық жекпе-жектерге Қазақстан туымен шығады. Қазіргі таңда сұхбаттарды орыс тілінде беріп жүргенімен, қазақ тілін үйреніп жатқанын айтты:
«Қазір тілді үйреніп жатырмын. Көп ұзамай қазақша сұхбат беретін боламын. Мені мұнда жылы қабылдады. Бұл да маңызды. Өз елімде танылып, дамудың өзі – үлкен мотивация» – дейді ол.
2022 жылы Саламат 6 ай Бали аралында дайындалып, Азия немесе Аустралия лигаларында өнер көрсетуге ниетті болды. Сонымен қатар Ресейде дебют жасау жоспарда болғанымен, бұрынғы жаттықтырушымен болған келіспеушілік оны Орынборға қайтарып, кейін кәсіби мансапты Қазақстанда жалғастыру туралы шешімге келді.
«Алғашқы рет Саламат бізге 2017-2018 жылдары келді. Ол кезде туыстарына келгенде залымызда жаттықты. Кейін кәсіби мансапты бізбен бірге бастауға шешім қабылдады», – дейді жаттықтырушысы Айбек Шоқпұтов.
15 жасына дейін Саламат ешқандай жекпе-жекпен айналыспаған. Алғашында боксқа жазылғысы келгенімен, жолы болмаған. Кейін ММА-ға кездейсоқ келген. Оның алғашқы спорттық мектебі – армиялық универсалды жекпе-жек болатын. Бұл бағытта ол Ресей, Еуропа және әлем чемпионаттарының жүлдегері атанды.
«Футбол мен биден басқа ештеңе болмады. Мектепте эстрадалық би үйірмесіне қатыстым, шпагатқа отыра алатынмын. Бұл – генетика. Әкем де 62 жасында шпагат жасай алады», – дейді ол.
«2016 мен 2017 жыл аралығында әскерде болдым. Бұл жыл – өмірлік шешімдер қабылдауға мүмкіндік берген уақыт. Қайтып келгенде бәрінен қалып қойғанымды түсіндім. Қаржылық қысым, жұмыс табу, күнкөріс мәселесі – бәрі қабаттасты. Сол кезде спорттан кетуді де ойладым. Бірақ әкем тоқтатты – "шыда, бәрі болады деді», – дейді Саламат.
Исбулаев қазіргі таңда Paradigm компаниясының менеджері Мирас арқылы UFC ұйымына кіру мүмкіндігін іздеуде. Ол бастапқыда Бакудегі турнирге қатысуды жоспарлағанымен, ол жүзеге аспаған. Қазір ол Dana White’s Contender Series турниріне қатысу мүмкіндігін қарастырып отыр (12 тамыз – 14 қазан аралығы).
«Мирас – Алиби Идрис те жұмыс істейтін менеджер. Ол The Ultimate Fighter турнирінде UFC келісімшарты үшін айқасып жатыр. Біз де осы жолмен кетуіміз мүмкін», – дейді Саламат.
«Қазір Alash Pride чемпионы болғаныма қарамастан, толыққанды өмір сүруге мүмкіндік жоқ. UFC – басқа деңгей. Ол жақта гонорар да, демеушілер де мықты», – дейді ол.
Қазір Саламат жеңіл салмақта (70 кг) өнер көрсетіп жүр. Алайда UFC ұсынысы түссе, жартылай жеңіл (66 кг) салмаққа ауысатынын Айбек Шоқпұтов растады.
«Егер алғашқы раундтарда қарсыластарын солай нокауттап жүре берсе – UFC-ге жол ашылады. Біз нақты ұсыныс күтіп отырмыз», – дейді ол.
Alash Pride президенті Әлімжан Бектаев:
«Саламат – UFC деңгейіне жеткен файтер. ТМД мен Азияда оған лайықты қарсылас табу қиын».
Алиби Идрис:
«Оның әуесқойдағы тәжірибесі – керемет. Дагестан турнирлерінде Нурмагомедов залынан шыққан мықтыларды жеңген. Қазір Alash Pride чемпионы, Қытайда да өзін көрсете білді».