
Үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай чемпиондық жолындағы ең қымбат жәдігерін – шлемі мен қолғабын аукционға қойды.
Қазақстанның атақты боксшысы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай спорттық мүлкін сатылымға шығарды. Ол 2025 жылы үшінші мәрте әлем чемпионы атанған кезде киген шлемі мен қолғаптарын аукцион арқылы сатпақ.
Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл заттардың түпнұсқа екенін және жеке қолтаңбасы қойылғанын атап өтті:
«Үш дүркін әлем чемпионы атанған сәтімдегі шлем мен қолғап. Оригинал. Қолтаңба. Аукцион басталды. Чемпиондық тарихымның бір бөлігіне кім жоғары баға береді?» – деп жазды Қызайбай.
Назым Қызайбай – 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2014, 2016 және 2025 жылдары әлем чемпионы, 2021 жылғы Азия чемпионы, сондай-ақ бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы.
Ол алғашқы әлемдік алтынын 2014 жылы Оңтүстік Кореяда жеңіп алып, екі жылдан соң бұл жетістігін қайталады. 2025 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында қайтадан алтын тұғырға көтерілді.
Спорттағы табыстары үшін Қызайбай 2015 жылы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Дене шынықтыру, спорт және туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» құрмет белгісін иеленсе, 2024 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.