
Чикаго қаласында өтетін UFC 319 турнирі алдында америкалық аралас жекпе-жек шебері Брайан Бэттл (12-2) өзбек жанкүйерлеріне ауыр сөз айтты. Оның қарсыласы Өзбекстан намысын қорғайтын Нурсултон Рузибоев (36-9-2) болады.
"Мен тек бір нәрсені білемін: барлық өзбек жанкүйерлері — текесіңдер! Менің әлеуметтік желілерімде күніне 200-ден астам жаңа пікір пайда болады. Бір адам бір жазбаның астына 20 пікір қалдыруы мүмкін. Олардың бәрі — Өзбекстан туы мен Нурсултонның гифкасы.
Олар ағылшын тілінде боқтық жазуға тырысады. Бірақ тіл білмегендіктен, аудармашыны қолданады. Сондықтан кейбір жазғандарының мағынасы жоқ. Мысалы: "Жексенбіде сен Нурсултонмен төбелесесің, сондықтан ұйықта!" Бұл — әлі ең дұрысы, ал кей пікірлер — нағыз қоқыс.
Ештеңе етпейді, олар мені әлі жақсы көріп кетеді. Осы жекпе-жектен кейін мен өзбек халқының чемпионы боламын!" — деді Бэттл.
UFC 319 Чикагода (АҚШ) өтеді. Кештің басты қызығы — Дрикус Дю Плесси мен Хамзат Чимаев арасындағы жекпе-жек болады. Сонымен қатар қазақстандық Әліби Ыдырыс америкалық Джозеф Моралеске қарсы октагонға шығады.