
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің қарсыластары рингке шығудан бас тартуда. Бұл туралы қазақстандық боксшылардың менеджері Зия Алиев мәлімдеді.
Алиевтің айтуынша, Елеусінов 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін Сауль “Канело” Альварес пен Теренс Кроуфордтың тарихи айқасы өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығуы керек болған.
Менеджердің сөзінше, бастапқыда оған украиналық Сергей Богачук қарсылас ретінде ұсынылған. Алайда кейін Богачук басқа боксшымен жұдырықтасуды таңдаған.
Зия Алиев:
“Данияр бастапқыда осы кардта болуы тиіс еді. Себебі ол да сол ұйыммен келісімшартқа отырған. Богачукпен айқас қарастырылды. Бірақ белгісіз себептермен оның командасы басқа жолды таңдады”, – деді менеджер.
Қазір Алиев бірнеше қарсылас талқыланып жатқанын атап өтті. Бірақ танымал да, орта деңгейдегі де боксшылар Елеусіновке қарсылас болудан бас тартып, келісім үшін жоғары талап қоятын көрінеді.
Зия Алиев:
– Даниярға да, Иван Дычкоға да қарсылас табу қиын. Тіпті танымал боксшылар да бас тартып, бағаны көтереді. Промоутерлер мұның шынайы жағдайға сәйкес келмейтінін түсініп отыр. Қазір нақты үш үміткер анықталса, біз міндетті түрде жариялаймыз, – деді ол.
Еске сала кетейік, Данияр Елеусінов – 2016 жылғы Рио Олимпиадасының чемпионы. Ол 2018 жылы кәсіпқой рингке шығып, осы күнге дейін 13 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
2021 жылы ол IBO тұжырымы бойынша жартылай орта салмақта әлем чемпионы атанды. Бірақ мансабындағы үзіліске байланысты белбеуінен бас тартуға мәжбүр болды.
Соңғы рет Елеусінов 2025 жылдың 19 шілдесінде АҚШ-та америкалық Джеймс Бэконды мерзімінен бұрын жеңген еді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық ауыр салмақ өкілі Иван Дычконың осы бокс кешінде америкалық Джермейн Франклинмен кездесетіні жарияланған.