Конор Макгрегор Ақ үйдегі айқас үшін қанша алатынын айтты
Ирландиялық файтер Ақ үй аумағында жекпе-жек өткізгені үшін 100 миллион доллар алады. Бір қызығы, сыйақы мұнымен шектелмейді.
UFC-дің бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, Ақ үйде өтетін турнирден алатын сыйақы мөлшерін жария етті. Ирландиялық файтердің айтуынша, тарихи жекпе-жек үшін ол 100 миллион доллар және АҚШ-тың 100 «алтын картасын» иемденеді.
Макгрегор Х әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасында бұл оқиғаны үлкен мүмкіндік ретінде бағалайтынын жеткізді.
«Ақ үйдегі жекпе-жек үшін 100 миллион доллар және өзіме, отбасым мен достарыма 100 “алтын карта”. Әлемге тағы да шоу сыйлайтын сәтті асыға күтемін», – деп жазды ирландиялық жұлдыз.
Бұл хабарлама ММА жанкүйерлері арасында қызу талқыланып, әлеуметтік желілерде үлкен резонанс туғызды.
«Алтын карта» деген не?
2025 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған Trump Card бағдарламасы ауқатты шетелдіктерге инвестиция арқылы тұрақты тұруға рұқсат беруді көздейді.
- Инвестиция көлемі: шамамен 5 миллион доллар.
- Құқықтар: грин-карта тәрізді жұмыс істеу және жеделдетілген азаматтық алу мүмкіндігі.
- Артықшылығы: бұрынғы EB-5 визасынан айырмашылығы — жұмыс орындарын ашу міндетті емес, қаражат тікелей АҚШ экономикасына құйылады.
Тарихтағы ең ерекше турнир
Бұл жоба АҚШ президентінің бастамасымен іске асып отыр. Дональд Трамп – жекпе-жек өнерінің үлкен жанкүйері және UFC президенті Дана Уайтпен көп жылдан бері дос.
Турнирдің форматы да ерекше болады:
- Ақ үйдің оңтүстігіндегі көгалда жекпе-жекті 5 мың көрермен тамашалай алады.
- Алып экрандар арқылы тағы 85 мың жанкүйер айқасты көреді.
Дана Уайттың сөзінше, бұл UFC тарихындағы ең мықты кард болмақ.
Макгрегордың соңғы жекпе-жегі
Атақты ирландиялық файтер октагонға соңғы рет 2021 жылдың 11 шілдесінде UFC 264 турнирінде шыққан. Ол кезде қарсыласы Дастин Порье болды.
- Алғашқы раундта Конордың аяғы сынып, ол жекпе-жекті жалғастыра алмады.
- Нәтижесінде Порье техникалық жеңіске жетіп, трилогияны өз пайдасына жапты.
Содан бері Макгрегор 4 жылдан астам уақыт бойы жекпе-жек өткізген жоқ.