Бокс аңызы Рой Джонс–кіші Теренс Кроуфорд пен Флойд Мейвезердің деңгейін салыстырып, өз бағасын берген болатын.
Төрт салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Рой Джонс кәсіби бокстың соңғы онжылдығында ең көп талқыланған сұрақтардың біріне жауап берді. Дәлірек айтқанда Теренс Кроуфорд па, әлде Флойд Мейвезер мықты ма деген сұраққа өз пікірін білдірді.
«Мен Кроуфордты жоғары бағалаймын, өйткені ол өзін біраз сынады. Ал Флойд бұлай істеген емес», — деді Рой Джонс The Ring басылымына берген сұхбатында.
Флойд Мейвезер — бокс тарихындағы ең табысты және қорғаныс шеберлігі өте жоғары спортшы саналады. Ол өз мансабында 50 жекпе-жек өткізіп, бәрін жеңіспен аяқтаған (соның 27-сі — нокаутпен).
Мейвезердің соңғы кездесуі 2024 жылы тамызда Мехикода өтті. Джон Готти III-ке қарсы жұдырықтасты. Бірақ жеңімпаз анықталмады.
Теренс Кроуфорд қазіргі бокстың ең әмбебап және тәуекелшіл боксшыларының бірі. Ол әр салмаққа көтеріліп, әр кезеңде өзінен мықтылармен айқасуға дайын болды.
Соңғы жекпе-жегін Кроуфорд 2025 жылдың қыркүйегінде Сауль “Канело” Альвареске қарсы өткізді. Бұл тарихи кездесуде Кроуфорд төрешілердің бірауыздан шешімімен жеңіске жетіп, екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы атанды.
Қазір оның рекорды — 42 жеңіс (31 нокаут) және бірде-бір жеңіліс жоқ.