Қазақстанның ең тартымды әрі талантты боксшысы Ангелина Лукас келесі жекпе-жегінің нақты күнін жариялады.
Лукас 14 қараша күні Мысыр астанасында АҚШ өкілі Кэтрин Рене Линдемутпен қолғап түйістіреді. Айқас WBA Gold World нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өтпек.
«Ассалаумағалейкум, достар! Келесі жекпе-жегімнің уақыты келді. 14 қараша, Каир, Орталық стадион. Мен рингке АҚШ спортшысы Кэтрин Рене Линдемутқа қарсы шығамын. WBA бұл қарсыласты маған бекітті, мен толық дайынмын. Осы жеңіс арқылы еліміздің туы Каир аспанында желбіресін деп тілеймін!» – деп жазды Лукас әлеуметтік желіде.
Қазір Ангелина әлемдік рейтингтің топ-2 тізімінде тұр. Ол жеңісінен кейін ең жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион америкалық Габриэла Фундораға қарсы жекпе-жек ұйымдастыруды мақсат етіп отыр.
«Габриэла Фундора менімен айқастан қашып жүр. Бірақ мен оны қуып жетемін! Менің жолым – абсолютті чемпиондық атаққа апарар жол. Бұл менің өмірімнің ісі, арманым мен мақтанышым!» – дейді боксшы.
Айта кетейік, биыл маусым айында Таразда өткен бокс кешінде Ангелина Лукас чилилік Даниэла Асенхоны алтыншы раундта нокаутпен жеңген болатын. Сол сәттен бастап ол әлемдік аренада өз атын айқын танытып келеді.