Британдық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон өзінің «әлем чемпионаттарының күтпеген жеңімпаздары» рейтингінде қазақстандық Төрехан Сабырханды 10-орынға қойды.
Жуырда ағылшын маманы Мэтт Робинсон бокс тарихындағы ең күтпеген әлем чемпиондарын анықтап, тізімін жариялады. Бұл рейтингтің 10-сатысына қазақстандық Төрехан Сабырхан енді.
«Кейбіреулер менің Төрехан Сабырханды бұл тізімге енгізуіммен келіспеуі мүмкін. Бірақ ересектер деңгейіне өткеннен кейін оның боксы бұрынғыдай әсер қалдырмайды. Бұрынғыдай жеңіл әрі әсем қимылдың орнына кейде дөрекі және баяу стильге жүгінеді», — деп жазды Робинсон.
Сарапшы жас қазақстандықтың талантын және зор әлеуетін мойындағанымен, оның соңғы жекпе-жектеріндегі сенімділіктің төмендегенін атап өтті.
Айта кетейік, Төрехан Сабырхан биылғы World Boxing әлем чемпионатында 70 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленіп, ел намысын асқақтатты.
Ол тарихтағы Азия чемпионаттарының төрт дүркін жеңімпазы атанған тұңғыш қазақ боксшысы. Бар болғаны бірнеше жыл ішінде ол жасөспірімдерден ересектер қатарына көтеріліп, әлемдік деңгейде өзін дәлелдей білді.