Үндістан астанасы Дели қаласында бокстан әлем кубогының финалдық кезеңіндегі жартылай финал жекпе-жектері жалғасып жатыр.
70 келі салмақ дәрежесінде финал жолдамасын Қазақстан боксшысы Нұрбек Мұрсал мен Украина өкілі, әлем чемпионы Юрий Захариев сарапқа салды.
Кездесу бірден қарқын алып, өте тартысты өтті. Екі боксшы да агрессия танытып, бастаманы қолға алуға тырысты, әр раундта рингтегі үстемдікті өзіне бұру үшін барын салды.
Алайда жекпе-жек барысында Нұрбек Мұрсал тактикалық тұрғыда анағұрлым дәл және жинақы көрінді. Дистанцияны жақсы бақылап, қарсы шабуылдарға сәтті шықты. Соққыларды дәл уақытында бағыттап отырды.
Жекпе-жектің соңына қарай басымдық айқын болды. Төрешілер жеңісті Қазақстан боксшысына беріп, оған әлем кубогы финалына жол ашты. Мұрсал финалда үндістандық Хитешпен қолғап түйістіреді.