Кәсіпқой бокстың тірі аңызы, бұрынғы әлем чемпионы Рой Джонс орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының жағдайына пікір білдірді. Жақында отандасымыздың допинг-тесті оң нәтиже көрсетіп, үлкен дау туындаған еді.
Рой Джонс бұл оқиғаны қазақстандық боксшы үшін қайғылы үкім ретінде емес, түзетуге болатын қателік ретінде қабылдау керегін айтты.
«Жәнібек Әлімханұлы туралы айтатын болсақ, оның допинг ісі немен аяқталады деп ойлайсыздар? Ол мұндай жағдайға тап болған алғашқы боксшы емес. Бұндай мәселе кезінде Канеломен де болды, бір кезде өз басымнан да өтті, басқа да талай мықты боксшылар ұшыраған», – дейді Джонс.
Оның сөзінше, ең бастысы – қателіктің неден шыққанын түсіну және оны қайталамау. Егер боксшы себебін анықтап, болашақта сол қадамды жасамаса, карьерасын жалғастыруға толық мүмкіндік бар.
Атақты америкалық боксшы мысал ретінде өз тәжірибесін және Сауль «Канело» Альварестің жағдайын еске алды.
«Канело еттің ластануына байланысты проблема болғанын айтқан. Менің жағдайымда мен бір рет Ripped Fuel деп аталатын қоспаны қабылдадым да, оң допинг-тест алдым. Ол кезде бұл мүлде жаңа өнім еді», – деп түсіндірді Джонс.
Ол дәл осы мысалдарды келтіре отырып, допинг дауы – мансаптың соңы емес, ең бастысы – сабырмен жағдайды түсініп, дұрыс шешім қабылдау екенін жеткізді:
«Егер Жәнібек не болғанын түсінсе және болашақта бұдан аулақ болса, бәрі дұрыс болады. Ол бұл жағдайға тап болған бірінші боксшы емес, соңғысы да болмайды», – деп қорытындылады Джонс.