Өз эмоциялары мен ішкі сезімдері туралы ойларымен де бөлісті.
Қазақстандық боксшы Абылайхан Жүсіпов Дубайда өткен IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионатындағы жеңісінен кейінгі эмоциялары туралы пікір білдірді.
Жүсіповтің айтуынша, ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтыны — оның көптен бергі арманы болған.
«Әрине, біз керемет эмоцияны бастан өткердік. Бұл — бала кезден армандаған мақсаттарымның бірі. Мен жасөспірімдер арасында да, жастар арасында да әлем чемпионы болдым. Бірақ ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтыны әлі болмаған еді. Сол алтынды жеңіп алған сәтте шексіз қуандым», — деді боксшы.
Спортшы жеңістен кейінгі сәтте өз бойында ұзақ жылдар бойы жиналған ішкі қысым мен эмоцияның бір мезетте сыртқа шыққанын мойындады.
«Сіздер де байқаған боларсыздар, жылдар бойы жиналған ерік-жігер, эмоция, ашу мен ішкі қысым — бәрі бірден шықты. Көк бұрыштағы боксшы жеңді дегенді естігенде, ол қуанышты сөзбен жеткізу мүмкін емес», — деп бөлісті Жүсіпов.