Мексикалық боксшы Хайме Мунгия (45-2, 35 КО) кубалық Ослейс Иглесиаспен (14-0, 13 КО) жекпе-жектен бас тартты. Бұл айқаста екінші орта салмақта бос тұрған IBF әлем чемпионы атағы сарапқа салынуы тиіс еді.
BoxingScene дерегінше, Eye of The Tiger Management промоутерлік компаниясының өкілі Камил Эстефан IBF ұйымынан хат түскеннен кейін небәрі бес минут ішінде жекпе-жекке келісім берген. Бірақ Мунгияның командасы ұсынысты қабылдамаған.
Мунгия айқастан бас тартқаннан кейін IBF ұйымы Ослейс Иглесиасқа басқа қарсылас табуға мәжбүр болады.
Бұған дейін бұрынғы чемпион Сауль “Канело” Альварес те осы белбеу үшін кездесуге шықпайтынын жеткізген. Қазір ол шынтағына жасалған операциядан кейін қалпына келу кезеңінде.
IBF белбеуінің соңғы иесі — Теренс Кроуфорд. Америкалық боксшы мансабын аяқтағанын ресми мәлімдегеннен кейін, аталған белбеу бос деп танылған.