"Жауапкершілік те, мақтаныш та бар": Назым Қызайбай Қазақстан атынан шығудың ішкі сырын ашып айтты

Сарапшы, спорт журналисі

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Назым Қызайбай әлеуметтік желіде жазба жариялап, ұлттық құрама сапында ел намысын қорғаудың жауапкершілігі мен мақтанышы жайлы ойын бөлісті.

"Жауапкершілік те, мақтаныш та бар": Назым Қызайбай Қазақстан атынан шығудың ішкі сырын ашып айтты
Instagram/@nazym_kyzaibay09

“Көк ту көтерілген сәтте ерекше толқимын”

Боксшының айтуынша, әрбір жарыс оған Қазақстан атынан шығудың мәнін терең сезіндіреді. Сол сәтте жүрегінде бір мезетте жауапкершілік пен мақтаныш қатар оянады.

Назым халықаралық ареналарда көк тудың желбіреуі ерекше қуаныш сыйлайтынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл тек спортшы еңбегі емес — бапкерлердің жанкешті жұмысы мен халықтың сенімі тұрған үлкен жауапкершілік.

“Әр жарысқа қатысқан сайын Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүргенімді терең сезінемін. Сол сәтте жүрегімде жауапкершілік пен мақтаныш қатар тұрады. Халықаралық турнирлерде көк туымыз көтерілгенде ерекше толқып, қуанып кетемін. Өйткені оның артында спортшылардың маңдай тері, бапкерлердің еңбегі және халықтың бізге артқан сенімі бар”, – деп жазды Қызайбай Instagram парақшасында.

Назым Қызайбайдың Instagram парақшасынан алынды

Мемлекеттің қолдауы туралы пікір

Қызайбай сондай-ақ мемлекет тарапынан спорттың дамуына, жастарды қолдауға және инфрақұрылымды жаңартуға жасалып жатқан мүмкіндіктерге тоқталды. Оның айтуынша, мұндай сенім мен қамқорлық спортшыларға қосымша мотивация беріп, биік мақсаттарға ұмтылуға күш сыйлайды.

“Мемлекет спорттан бөлек, өзге салалардың дамуына да жағдай жасап, жас таланттарды қолдап, заманауи инфрақұрылым қалыптастырып жатыр. Мұндай сенім бізге үлкен күш береді”, – деді ол.

Жазба соңында Назым Қызайбай спорттың ел бірлігі мен рухын әлемге танытатын құрал екенін атап өтіп, Қазақстан даңқын асқақтатуға үлес қосып жүргенін мақтан тұтатынын жеткізді.

Назым Қызайбайдың жетістіктері

Назым Қызайбай:

  • Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері;
  • Әлем чемпионатының үш дүркін алтын жүлдегері;
  • Қазақстан чемпионатында 14 рет жеңіске жеткен.
Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір