Отандасымыз жуырда Boxam Elite-2026 турниріндегі алғашқы жекпе-жегін өткізіп, келесі айналымға жолдама алды.
Қазақстан ерлер құрамасының өкілі Оңталап Рахманов Испанияның Ла-Нусия қаласында өтіп жатқан халықаралық Boxam Elite-2026 турниріндегі алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен 1/8 финалда Оңталап Рахманов эстондық ауыр салмақты боксшы Леон Кермаспен жұдырықтасты.
Айқас қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан (5:0) жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осылайша, Рахманов турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
Айта кетейік, Оңталап Рахманов — Қазақстан чемпионаты-2025 турнирінің қола жүлдегері.
Boxam Elite-2026 турнирі Қазақстан ерлер құрамасы үшін жаңа бас бапкер Нұржан Насановтың жетекшілігіндегі алғашқы халықаралық жарыс болып отыр. Ол бұл қызметте Қайрат Сәтжановтың орнын басты.
Халықаралық Boxam Elite-2026 турнирі 7 ақпанда мәресіне жетеді.