Жуырда қазақстандық файтер АҚШ-та өтетін титулдық жекпе-жек алдында салмақ өлшеу рәсімінен өтті. Айқас ертеңге жоспарланған.
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Аян Тұрсын (8-1) 7 ақпан күні АҚШ-та айқас өткізеді. Отандасымыз америкалық Cage Fury Fighting Championships (CFFC) промоушенінің чемпиондық белбеуіне таласады. Қарсылас — жапониялық файтер Ариса Мацуда (7-0).
Айқас жеңіл салмақ дәрежесінде өтеді. Ол Филадельфия қаласында ұйымдастырылатын кештің басты оқиғаларының бірі болады.
Жекпе-жек қарсаңында екі спортшы да ресми салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өтті және дивизион лимитіне толық сай келді.
Аян Тұрсын сол сәттен видео жариялап, айқасқа қатысты ойын бөлісті:
"Аллаға шүкір бүгін салмақ өлшеу рәсімінен сәтті өттік. Бұйырса ертең өзімізді көрсететін уақыт, осы белбеуді Қазақ еліне алып келу үшін барымды салатын боламын. Қазақ елі қыздарыңыз үшін дұғада болыңыздар", - деп жазды спортшы.
Айта кетейік, 31 жастағы Аян Тұрсын үшін бұл — CFFC промоушеніндегі алғашқы жекпе-жек. Бұған дейін ол Қазақстандағы Octagon және Dala Fighting Championship лигаларында өнер көрсеткен.