Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) Олимпиада-2028 бағдарламасындағы боксқа қатысты позициясын тағы да қатайтып отыр.
Ұйым президенті Умар Кремлев ХОК (Халықаралық Олимпиада комитеті) ішінде сыбайлас жемқорлық бар екенін айтты. Егер саясат пен сыйақы мәселесінде өзгеріс болмаса, Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасы жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне IBA тарапынан ақшалай сыйақы төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
Кремлевтің айтуынша, IBA әлемдік боксты біріктіретін "нағыз үй" және мұнда чемпион еңбегі бағаланады. Ұйым спортшыларға нақты мүмкіндік беріп, әлеуметтік қолдау көрсетеді деп есептейді.
Сондай-ақ IBA басшысы Олимпиада чемпиондарына тиесілі қаражаттың түрлі шығындарға — гала-кештер мен бес жұлдызды қонақүйлерге жұмсалатынын айтып, мұндай жағдайға қынжылыс білдірген.
Кремлев ХОК-тің жаңа басшылығы "ескі жүйеден" арылып, спортшылардың, бапкерлердің және ұлттық федерациялардың мүддесін қорғайтын бағытты таңдайды деген үмітін жеткізді.
Бұл мәлімдеменің астарында Геннадий Головкин жетекшілік ететін World Boxing ұйымымен арадағы бәсеке жатқанын байқауға болады.
Париж-2024 Олимпиадасынан кейін ХОК IBA-ның олимпиадалық боксты басқару құқығын алып, бұл функцияны World Boxing ұйымына тапсырған. Аталған ұйымның президенті — қазақстандық Геннадий Головкин.
Бұған дейін World Boxing Головкиннің жетекшілігімен бокстың Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасында бағдарламада қалуына кепілдік бергені айтылған. Енді IBA бұл бағыттағы риторикасын күшейтіп, ХОК-ке қысым арттыруға тырысып отыр.