Болгарияның София қаласында өтіп жатқан бокстан "Странджа" турнирінде (бейресми түрде "кіші әлем чемпионаты" деп аталады) қазақстандық жанкүйер күткен Сапарбайлар дербиі өтпей қалды.
90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің 1/8 финалында Қазақстан құрамасының боксшылары — Нұрлан Сапарбай мен Даниял Сапарбай бір-біріне қарсы шығуы тиіс еді. Алайда жоспарланған айқас өтпеді.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Даниял Сапарбай жекпе-жектен бас тартқан.
Осы шешімнен кейін Нұрлан Сапарбай қарсылассыз қалып, автоматты түрде ширек финалға жолдама алды. Ал Даниял Сапарбай турнирдегі өнерін осы кезеңде аяқтады.
"Странджа"-2026 халықаралық турнирі 1 наурызда мәресіне жетеді.