Америкалық боксшы Айсис Сио ауыр жекпе-жектен кейін жасанды комаға түсті.
АҚШ-тың бірінші аса жеңіл салмақтағы жас боксшысы Айсис Сио кәсіби рингтегі ауыр жарақаттан кейін жасанды комаға түсті. Оқиға Калифорния штатындағы Сан-Бернардино қаласында өткен ProBoxTV турнирінде тіркелді. Бұл кеште 19 жастағы боксшы жеңіліп көрмеген Джоселин Камарильомен қолғап түйістірген.
Кездесу ұзаққа созылған жоқ. Айсис Сио қарсыласының бас тұсына бағытталған ауыр соққыларынан кейін бірінші раундта нокаутқа түсті.
Жекпе-жек аяқталған сәттен кейін-ақ жағдайдың тым күрделі екені байқалды. Дәрігерлер оған бірден алғашқы көмек көрсетіп, аренадан алып шыққан кезде спортшының денесі құрысып, жағдайы күрт нашарлаған.
Оқиғадан кейін Айсис Сио шұғыл түрде медициналық орталыққа жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыру үшін боксшыны жасанды комаға енгізуге мәжбүр болған.
Бұл мәліметті турнир ұйымдастырушылары да ресми түрде растады.
Ұйым таратқан хабарламада жас спортшының өмірі үшін күрес жүріп жатқаны айтылды.
“Бас директор Гарри Джонас пен бүкіл ProBox ұжымы атынан Айсис Сионың тезірек сауығып кетуін тілейміз. Қазіргі уақытта ол жасанды комада жатыр. Осы қиын сәтте біздің ойымыз оның өзімен және отбасымен бірге”, — делінген ProBoxTV мәлімдемесінде.
Айта кету керек, бұл Айсис Сионың қатарынан екінші рет уақытынан бұрын жеңілуі болып отыр. Осы жылдың қаңтар айында да ол жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтап, денеге жасалған соққылардан кейін нокаутпен ұтылған еді.
Жас боксшы кәсіби мансабын 2025 жылдың қыркүйегінде бастаған. Қазір оның рекорды — 1 жеңіс және 3 жеңіліс.