Төрехан Сабырхан Азия королі атануды армандайды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстан әуесқой боксындағы ең жарқын таланттардың бірі Төрехан Сабырхан енді Азия құрлығын бағындыруды көздеп отыр. 

Төрехан Сабырхан Азия королі атануды армандайды
Instagram/@sabyrkhantorekhan

Ұлан-Батырдағы құрлықтық дода қашан өтеді?

28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Моңғолияның бас қаласы Ұлан-Батырда World Boxing ұйымы аясында Азия чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы байрақты бәсекеге кілең мықты былғары қолғап шеберлерін қоспақ.

Жанкүйерлердің айрықша назары әлем чемпионы атанған Төрехан Сабырханға ауып отыр. Себебі ол ересектер деңгейінде әзірге бірде-бір рет жеңілмеген.

Шымкенттік 20 жастағы боксшы үшін бұл — ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионаты болмақ. Соған қарамастан ол турнирдің басты фавориттерінің қатарында.

Төреханның бұл жарыстағы мақсаты тек жүлдеге ілігу емес. Ол құрлық біріншілігінде жоғары нәтиже көрсетіп, күзде өтетін маңызды додаларға сенімді қадам жасауды көздейді. Сондықтан Сабырхан үшін Ұлан-Батырдағы бәсеке — Азиядағы өз орнын нақты дәлелдеудің үлкен мүмкіндігі.

Басты мақсат — Азия ойындарының алтыны

Боксшының өзі де 2026 жылға арналған негізгі жоспарын жасырмай айтты.

"2026 жылғы басты мақсатым – Азия ойындарының чемпионы атану", – деді Төрехан Сабырхан.

Қазақстан құрамасының үміті 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасады.