Балқыбекова ма, әлде Қызайбай ма? Әйелдер боксының жаңа көшбасшысы кім болады

Сарапшы, спорт журналисі

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының бапкерлер штабы алдағы уақытта өте маңызды шешім қабылдауға мәжбүр болады. 

Балқыбекова ма, әлде Қызайбай ма? Әйелдер боксының жаңа көшбасшысы кім болады
коллаж penalty.kz

50 келідегі басты таңдау

2026 жылғы Азия ойындарында әйелдер боксының ең жеңіл салмақ дәрежесі 50 келі болып бекітілді. Бұл салмақта Қазақстан құрамасының екі бірдей мықты боксшысы бар.

Біріншісі — Назым Қызайбай. Ол 48 келіге дейінгі салмақта үш дүркін әлем чемпионы. Сонымен қатар 2024 жылғы Олимпиадада 50 келіде қола жүлде иегері. 

Екіншісі — Алуа Балқыбекова. Ол да осы 50 келі салмақта соңғы маусымда жоғары нәтижелер көрсетіп, бірден екі мәрте әлем чемпионы атанды. Атап айтқанда Балқыбекова IBA және World Boxing ұйымдарының әлем чемпионаттарында топ жарды.

Бапкерлер штабына оңай болмайды

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Назым Қызайбайдың алғашқы бапкері Жұмабек Өмірзақов осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, ұлттық құрамадағы шешім әділ іріктеу нәтижесіне байланысты болуы тиіс.

"50 келіде үлкен бәсекелестік болады. Өткен Азия ойындарында Назым Қызайбай сәтсіз өнер көрсетті. Сондықтан егер ол Азия ойындарының жүлдесін алғысы келсе, алдымен құрамға енуі керек. Ал бұл салмақта Алуа Балқыбекова бар, ол — әлем чемпионы. Меніңше, ішкі іріктеуде кім жеңсе, сол баруы керек", — деді Жұмабек Өмірзақов.

54 келіде де тартыс күшейіп келеді

Маманның сөзінше бәсеке тек 50 келіде емес, одан жоғары салмақтарда да күшейіп жатыр. Әсіресе, 54 келіге дейінгі салмақта шымкенттік жас боксшы Элина Базарова өз әлеуетін көрсетіп келеді.

"Соңғы кезде маған 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін шымкенттік Элина Базарова ұнап жүр. Болашағы бар қыз. Оны алдағы жарыстарда сынап көріп, Азия ойындарына апару керек", — деді бапкер.

Еске сала кетейік, 28 наурыз бен 11 сәуір аралығында Моңғолияда бокстан ерлер мен әйелдер арасында Азия чемпионаты өтеді. Бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан құрамаларының тізімі жарияланған болатын.