"Хайп үшін өтірікті таратып жатыр": Елдос Сметов елді алаңдатқан ақпаратқа жауап берді

Сарапшы, спорт журналисі

Париж Олимпиадасының чемпионы денсаулығына қатысты тараған ақпаратқа жауап берді.

"Хайп үшін өтірікті таратып жатыр": Елдос Сметов елді алаңдатқан ақпаратқа жауап берді
instagram/@yeldos60kg

Денсаулықта мін жоқ

Елдос Сметов Instagram сторизде Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевпен бірге түскен видеосын жариялады. Бейнежазбада өз жағдайына алаңдап жүрген жанкүйерлерге алғыс айтып, қазіргі ахуалы тұрақты екенін жеткізді.

Спортшы өз сөзінде:

"Ассалаумағалейкум, ардақты қазақ елі! Кеш жарық баршаңызға!

Бүгін „Күдекемен“ барлық шаруаны ысырып қойып, бірге кешкі ас ішіп, әңгімелесіп, жақсы уақыт өткізіп отырмыз. Күдекем арнайы келіп, халімді сұрап жатыр.

Маған жанашыр болып, уайымдап жүрген барша көрерменіме айтарым — Аллаға шүкір, бәрі жақсы. Түрлі алыпқашпа әңгіме тарататын, „хайп“ қуған парақшаларға сене бермеңіздер. Олар ақпаратты әсірелеп, елді шатастыратын дүниелерді көп жариялайды. Сондықтан қатты алаңдауға себеп жоқ. Аллаға шүкір, жағдайым жақсы, денсаулығым қалпына келіп жатыр", — деді.

Бұған дейін қандай ақпарат тарады?

Осыған дейін қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарында Елдос Сметовке Таразда операция жасалғаны туралы хабар тараған. Кейін бұл мәліметті спортшының бапкері Ғалымжан Жылгелдиев те растады. Алайда жаттықтырушы дзюдошының өміріне немесе денсаулығына айтарлықтай қауіп жоқ екенін атап өтті.

Елдос Сметовтің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде кең талқыланып жатыр. Көпшілік атақты спортшының тезірек сауығып, үлкен спортқа толық оралуына тілектестік білдіруде.