Джалоловты нокаутқа түсірген қазақ ардагермен жұдырықтасады

Жекпе-жек шолушысы

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой бокстағы жекпе-жегін өткізеді.

Джалоловты нокаутқа түсірген қазақ ардагермен жұдырықтасады
фото ашық дереккөздерден алынды

Қоңқабаевтың қарсыласы кім?

Қамшыбек Қоңқабаев Черногорияның Никшич қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы — 48 жастағы Йонни Молина.

Венесуэла өкілінің кәсіпқой бокстағы көрсеткіші: 15 жеңіс, 15 жеңіліс. Дегенмен соңғы нәтижелері оның пайдасына емес. Молина кейінгі бес жекпе-жегінде қатарынан жеңіліп қалған, оның екеуінде мерзімінен бұрын тоқтатылған.

Қамшыбек төрт жылдан бері жұдырықтаспаған

Қоңқабаевтың кәсіпқой рингтегі рекорды әзірге мінсіз: 5 жеңіс, 0 жеңіліс, 4 нокаут.

Дегенмен кәсіпқой бокста соңғы рет төрт жыл бұрын өнер көрсеткен. 2022 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен бокс кешінде өзбек Фарух Джураевты екінші раундта нокаутқа түсірген еді.

Содан кейін негізінен әуесқой бокстағы мансабына басымдық берді. Бұған дейін Қоңқабаев әуесқой бокстан ресми түрде кеткенін мәлімдеген. 

Джалоловты нокаутқа түсірген жалғыз боксшы

Қамшыбек Қоңқабаевтың есімі жанкүйерлер арасында тағы бір тарихи жекпе-жекпен жақсы таныс. Ол — өзбекстандық екі дүркін Олимпиада чемпионы Баходир Джалоловты нокаутқа түсірген жалғыз боксшы.

Бұл оқиға 2015 жылы Болгариядағы "Странджа кубогы" турнирінде болған. Сол кездесуде Қоңқабаев қарсыласын алғашқы раундта-ақ тоқтатып, айқын жеңіске жеткен.

Жекпе-жек қашан өтеді?

Қоңқабаев пен Молина арасындағы айқас 9 мамыр күні Черногорияда өтеді. Кездесу ауыр салмақ дәрежесінде ұйымдастырылады.