Елдос Сметов Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысады

Жекпе-жек шолушысы

Бұл — оның Олимпиададағы алтын жүлдесінен кейінгі алғашқы ресми жарысы.

Елдос Сметов Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысады
instagram/@yeldos60kg

Сметов Астанадағы Grand Slam турнирінде өнер көрсетеді

Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметінше, Елдос Сметов Qazaqstan Barysy Grand Slam додасында татамиге шығады. Аталған жарыс елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.

Бұл турнир қазақстандық жанкүйерлер үшін ерекше болмақ. Себебі олар Елдосты Олимпиада чемпионы атанғаннан кейін алғаш рет үлкен додада көрмек.

Олимпиада чемпионының алтын белгісі бар кимоно

Сметов Астанадағы жарыста әлемдік дзюдодағы ең жоғары мойындаудың белгісі саналатын Олимпиада чемпионының алтын жапсырмасы бар кимономен шығады. Бұл белгі спортшының мансабындағы тарихи жетістігін айқындап қана қоймай, қазақстандық дзюдо үшін де үлкен мәртебе саналады.

Елдос Сметов — Қазақстан дзюдосындағы ең табысты спортшылардың бірі. Оның еншісінде Олимпиада ойындарының толық жүлде жиынтығы бар:

  • Париж-2024 — алтын медаль;
  • Рио-2016 — күміс медаль;
  • Токио-2020 — қола медаль.

Сонымен қатар 2015 жылы әлем чемпионы атанып, 2019 және 2022 жылдары әлем біріншіліктерінде қола жүлде жеңіп алған.

Qazaqstan Barysy Grand Slam қашан өтеді?

Халықаралық Grand Slam санатындағы турнир 8-10 мамыр аралығында Астанада өтеді.

Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.