Қуат Хамитовтың ACA лигасындағы екінші жекпе-жегі ресми жарияланды

Бокс шолушысы

ММА файтері Қуат Хамитов ресейлік ACA лигасындағы екінші кездесуін өткізеді.

Қуат Хамитовтың ACA лигасындағы екінші жекпе-жегі ресми жарияланды
NUR.kz

Мәскеуде октагонға шығады

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов кезекті айқасын Ресейде өткізеді. Ол ACA 206 турнирінде өнер көрсетеді. Жарыс 15 тамыз күні Мәскеуде ұйымдастырылады.

Хамитовтың қарсыласы — ресейлік тәжірибелі файтер Алексей Махно. Бұл туралы ACA лигасының президенті Магомед Бибулатов мәлімдеген.

“Алексей Махно мен Қуат Хамитов 15 тамызда Мәскеудегі ACA 206 турнирінде кездеседі”, — деп хабарлады дереккөз.

Бұл — Хамитовтың ACA-дағы екінші жекпе-жегі

Қуат Хамитов үшін алдағы кездесу ACA лигасындағы екінші айқас болмақ. Қазақстандық спортшы бұл ұйымдағы алғашқы жекпе-жегін 2025 жылдың қазан айында ACA 194 турнирінде өткізген.

Сол кезде ресейлік Анатолий Бойконы төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Осылайша ACA лигасындағы дебютін сәтті бастаған.

Хамитов алдымен Атырауда жекпе-жек өткізеді

Хамтовты Мәскеудегі айқасқа дейін тағы бір кездесу күтіп тұр. Қазақстандық файтер 23 мамырда Атырауда Batyr Fighting Championship турнирінде ирандық Али Хейбатиге қарсы шығады.

Бұл жекпе-жек Хамитов үшін ACA 206 алдындағы маңызды сынақтардың бірі болуы мүмкін.

Алексей Махно қандай қарсылас?

Қуат Хамитовтың алдағы қарсыласы Алексей Махно — тәжірибелі ресейлік файтер. Ол “Атаман” лақап атымен танымал.

Махноның кәсіби рекорды — 27 жеңіс, 13 жеңіліс. Оның 10 жеңісі нокаутпен аяқталған. Бұл көрсеткіш ресейлік спортшының соққы техникасы қауіпті екенін көрсетеді.

Соңғы рет Махно 2025 жылдың желтоқсанында ACA 197 турнирінде октагонға шыққан. Ол кездесуде румыниялық тәжірибелі файтер Аурел Пиртеадан үшінші раундта қылқындыру әдісімен жеңіліп қалды.

ACA 206 турнирінің басты жекпе-жегі

Мәскеуде өтетін ACA 206 турнирінің басты оқиғасы ауыр салмақтағы чемпиондық айқас болады. Онда ресейлік Алихан Вахаев пен ирандық Амир Алиакбари чемпиондық белбеу үшін кездеседі.

Қуат Хамитов пен Алексей Махно арасындағы жекпе-жек те турнирдің ең қызықты айқастарының бірі болады деп күтілуде.