Азия чемпионаты. Қазақстандық боксшы жапониялықты айқын басымдықпен жеңді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Нұрасыл Ғалым Ташкентте U-17 жас санатындағы бокстан Азия чемпионатында жартылай финалға жолдама алды.

Азия чемпионаты. Қазақстандық боксшы жапониялықты айқын басымдықпен жеңді (ВИДЕО)
Instagram/@boxingkazakhstan

Ташкентте құрлық біріншілігінің ширек финалдық жекпе-жектері басталды. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрасыл Ғалым мен жапониялық Сирю Ичино рингке шықты.

Жекпе-жек толық үш раундқа созылғанымен басымдық қазақ бокшсысы жағында болды. Нұрасыл қарсыласына жылдам әрі дәл соққылар бағыттап, рингтегі қарқынын бір сәтке де төмендеткен жоқ.

Кездесу қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан жеңісті қазақстандыққа берді. Есеп — 5:0.

Осылайша Нұрасыл Ғалым Азия чемпионатының кемінде қола жүлде еншіледі. Енді ол финал жолдамасы үшін жартылай финалда жұдырықтасады.

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионаты Ташкентте өтіп жатыр. Турнирді World Boxing ұйымының Азиядағы құрылымы ұйымдастыруда. Жарысқа Азияның 21 елінен 460-тан астам жас боксшы қатысып жатыр.