Қазақстандық боксшы қыз Азия чемпионатында қарсыласын ойсырата ұтып, жүлде еншіледі (ВИДЕО)

Спорт шолушысы

Балым Ғабитқызы Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жартылай финалға жолдама алды.

Қазақстандық боксшы қыз Азия чемпионатында қарсыласын ойсырата ұтып, жүлде еншіледі (ВИДЕО)
instagram/@boxingkazakhstan

Жартылай финалға жолдама алды 

Ташкентте U15 және U17 жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасының өкілі Балым Ғабитқызы 60 келіге дейінгі салмақта сәтті өнер көрсетті.

Ол ширек финалда Қытай Тайбэйінен келген Хин Ченмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек үш раундқа толық созылды. Дегенмен рингтегі басымдық Балымның жағында болды. Қазақ қызы қарсыласын шешуші сәттерде дәл соққыларымен есеңгіретті. 

Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Балымға берді — 5:0. Осы жеңістің арқасында ол Азия чемпионатының жартылай финалына шығып, кемінде қола медальді қанжығасына байлады. 

Ташкенттегі Азия чемпионатының ауқымы кең

Айта кетейік, биылғы құрлықтық дода соңғы жылдардағы ең ауқымды жарыстардың бірі болып отыр. Ташкенттегі турнирге Азияның 21 елінен 460-тан астам жас боксшы қатысып жатыр.

Жарыс Asian Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр. Бұл ұйым — World Boxing құрылымындағы Азия бағытына жауапты бөлім.