Жалғас Жұмағұлов титулдық жекпе-жекке дайындығын көрсетті (ВИДЕО)
Қазақстандық ММА файтері Жалғас Жұмағұлов алдағы чемпиондық айқасы алдында жаттығу сәтінен видео жариялады. Спортшы қазір Oktagon MMA ұйымындағы екінші белбеуді жеңіп алуға дайындалып жатыр.
Жұмағұловтан мотивациялық жазба
Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында жаттығу барысынан қысқа видео бөлісті. Қазақстандық спортшы жазба астына:
“No shortcuts. Just work” яғни, “Қысқа жол жоқ. Тек еңбек” деп жазды.
Бұл жазба файтердің алдағы титулдық жекпе-жекке барынша салмақты дайындалып жатқанын аңғартады.
Қашан және кіммен жұдырықтасады?
Жұмағұловтың келесі жекпе-жегі 6 маусымда өтеді. Қазақстандық файтер Oktagon MMA 89 турнирінде бразилиялық Игор Севериноға қарсы октагонға шығады.
Жарыс Словакияның Братиславада ұйымдастырылады.
Бұл кездесуде жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеу сарапқа салынады. Айта кетейік, Жалғас Жұмағұлов қазірдің өзінде Oktagon ұйымының ең жеңіл салмақтағы чемпионы атанып үлгерген. Егер ол Братиславада жеңіске жетсе, Oktagon MMA лигасында екі салмақ дәрежесінде чемпион атануы мүмкін.
Соңғы жекпе-жегінде нокаутпен жеңген
37 жастағы Жалғас Жұмағұлов соңғы кездесуін Алматыда IBA Nomad 14 турнирінде өткізді. Қырғызстандық Қайрат Нұрбай уулуды бірінші раундта нокаутқа түсірді.
Жалғас Жұмағұлов бұған дейін әлемдегі ең беделді ММА ұйымдарының бірі — UFC сапында өнер көрсеткен. Қазақстандық файтер 2020-2023 жылдар аралығында UFC-де жеті жекпе-жек өткізіп, оның бірінде жеңіске жетті.