Астанадағы Grand Slam: Қазақстандық бес дзюдошы қола медаль үшін күреседі

Жекпе-жек шолушысы

Дзюдодан Астанадағы Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасының бес өкілі қола жүлде үшін татамиге шығады.

Астанадағы Grand Slam: Қазақстандық бес дзюдошы қола медаль үшін күреседі
Спортты дамыту дирекциясы

Екі қазақстандық 66 келіде қолаға таласады

66 келіге дейінгі салмақта Нұрқанат Серікбаев жартылай финалда өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевтан жеңіліп қалды. Енді қазақстандық дзюдошы үшінші орын үшін тағы бір өзбек балуаны — Анваржон Ибрахимовпен белдеседі.

Осы салмақта өнер көрсеткен Ақылжан Жұбатқанов та жартылай финалда сүрінді. Ол ресейлік Сайгид Керимовке есе жіберді. Қола медаль жолындағы кездесуде Жұбатқановтың қарсыласы ресейлік Рамазан Абдулаев болады.

60 келіде қазақстандықтар өзара белдеседі

60 келіге дейінгі салмақта Шерзод Давлатов жартылай финалда моңғолиялық Сухбат Бямбасурэннен жеңілді. Енді қола медаль үшін өзінің командадағы серіктесі Мағжан Шамшадинмен кездеседі.

Айта кетейік, Шамшадин жұбаныш белдесуінде үндістандық Харш Сингхті жеңіп, жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.

Меруерт Сәрсенова да жүлде үшін күреседі

Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Меруерт Сәрсенова жұбаныш кезеңінде бразилиялық Николь Маркесті ұтты. Қола медаль үшін өтетін белдесуде ресейлік Лилия Нугаевамен күш сынасады.

Талғат Орынбасар финалға шықты

Бұған дейін 60 келіге дейінгі салмақта Талғат Орынбасар финалға жолдама алған. Ол ұлттық құраманың осы турнирдегі алтын медальға басты үміткерлерінің бірі саналады.

Астанадағы Grand Slam турнирінің финалдық блогы 17:00-де басталады.