Дарио Камачо бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының жаттығу жиынына қосылды (ВИДЕО)

Футбол шолушысы

Дене дайындығы бойынша америкалық маман Дарио Камачо Қазақстан әйелдер құрамасымен алғаш рет оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.

Дарио Камачо бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының жаттығу жиынына қосылды (ВИДЕО)
instagram/@dario21

Қазақстан бокс федерациясының әлеуметтік желідегі парақшасында ұлттық құраманың дайындығы кезінде түсірілген видео жарияланды. Онда танымал маманның әйелдер құрамасымен жұмыс істеп жүргені көрсетілген.

"Дарио Камачо Қазақстан әйелдер құрамасы сапындағы алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр", — делінген федерацияның Instagram stories жазбасында.

Бұған дейін ерлер құрамасымен жұмыс істеді

Кристофер мен Дарио Камачо — АҚШ-тан келген дене дайындығы бойынша белгілі мамандар. Олар Қазақстан ерлер құрамасының штабына 2024 жылдың қазан айында қосыллы.

Мамандарды ұлттық құрамаға Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин шақырған. Басты мақсат — қазақстандық боксшыларды ірі халықаралық жарыстарға жоғары деңгейде дайындау болды.

Камачо бауырлары 2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатына Қазақстан ерлер құрамасын дайындауға атсалысты. Кейін 2026 жылдың сәуір айында Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатынан соң Қазақстаннан кеткені хабарланған.

Қазір Кристофер Камачо Лос-Анджелесте кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановпен жұмыс істеп жүргені белгілі.

Әйелдер құрамасының соңғы нәтижесі

Қазақстан әйелдер құрамасы соңғы жарыстардың бірі — Бразилияда өткен әлем кубогында екі алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаздар қатарында:

  • Виктория Графеева — 60 келіге дейінгі салмақта;
  • Валерия Аксенова — 80 келіден жоғары салмақта топ жарды.

Бірақ құраманың жетекші боксшылары саналатын Назым Қызайбай, Аида Әбікеева және Алуа Балқыбекова бұл турнирде алтын медальға қол жеткізе алмады.