Бокстан әйелдер құрамасы АҚШ, Қытай және Жапонияда дайындық өткізеді

Бокс шолушысы

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы оқу-жаттығу жиындарын Алматыда бастап, кейін Қытай, АҚШ және Жапонияда жалғастырады.

Бокстан әйелдер құрамасы АҚШ, Қытай және Жапонияда дайындық өткізеді
instagram/@yeldos_saidalin

Алматыдағы жиынға 13 боксшы шақырылды

Әйелдер құрамасының бас бапкері Елдос Сайдалиннің айтуынша, қазір команда Алматыда арнайы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Бұл жиынға ұлттық құраманың 13 боксшысы шақырылған.

Бапкер дайындық барысында Камачо бауырларымен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, команда алдағы жарыстарға кезең-кезеңімен дайындалып, негізгі мақсат ретінде Азия ойындарын көздеп отыр.

"Бұл оқу-жаттығу жиынына арнайы 13 қызымызды шақырдық. Камачо бауырларымен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Алдағы уақытта да арнайы дайындықты жалғастырамыз. Жоспар бойынша Қытайда оқу-жаттығу жиыны өтеді. Кейін сол елде әлем кубогының екінші кезеңіне қатысамыз. Барлық дайындық Азия ойындарына бағытталған. Сол турнирге дейін қажетті бабымызға келуге тырысамыз", — деді Елдос Сайдалин.

Қытайдағы әлем кубогынан кейін АҚШ-қа аттанады

Қазақстан құрамасының дайындық жоспары бірнеше кезеңнен тұрады. Команда алдымен Қытайда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, кейін сол елде өтетін әлем кубогының екінші кезеңіне қатысады.

Одан соң боксшылар Камачо бауырларының базасына барып, АҚШ-та бір айлық дайындықтан өтеді. Бапкерлік штаб бұл кезеңді Азия ойындары алдындағы маңызды дайындық бөлігі ретінде қарастырып отыр.

Азия ойындарына 20 боксшы барады

Сайдалиннің айтуынша, ұлттық құрама Азия ойындарына дейін екі апта бұрын Жапонияға барады. Бұл құраманың жергілікті климатқа бейімделіп, соңғы дайындықты сол жерде өткізуіне мүмкіндік береді.

Жапонияға 20 боксшы жеткізіліп, ұлттық команда Азия ойындарына толыққанды дайындық жүргізеді.

Құрамада жалпы физикалық дайындыққа жауап беретін арнайы бапкер де бар. Бұл бағытта Мұхит Ахметов соңғы екі жылдан бері командамен бірге жұмыс істеп келеді.

Елдос Сайдалин Алматыдағы жиында Дарио Камачомен бірге жаңа әдістер мен тәсілдер қолданылып жатқанын жеткізді. Алдағы уақытта Мұхит Ахметов те бапкерлер штабымен бірге дайындық процесін жалғастырады.

23 жасқа дейінгі Азия чемпионатына бөлек команда жасақталады

Бас бапкердің сөзінше, осы айдың 10-ынан бастап 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатына дайындық басталады.

Аталған жиынға 40 боксшы қатысып, олардың арасынан Қазақстан намысын Азия чемпионатында қорғайтын құрама жасақталады.

"Осы айдың 10-нан бастап 23 жасқа дейінгі Азия чемпионаты алдында 40 боксшымыз Түркістан облысындағы “Алма-Тау” базасында жаттығады. Сол жерде жақын уақытта ел намысын қорғайтын команда құрылады", — деді Сайдалин.

Қазақстан құрамасының соңғы нәтижесі

Елдос Сайдалин шәкірттері бұған дейін Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында өткен әлем кубогында сәтті өнер көрсетті. Қазақстан құрамасы бұл жарыста бес медаль жеңіп алды.

Алтын медаль:

  • Виктория Графеева — 60 келіге дейін;
  • Валерия Аксенова — 80 келіден жоғары.

Күміс медаль:

  • Аида Әбікеева — 60 келі.

Қола медаль:

  • Алуа Балқыбекова — 51 келі;
  • Жібек Жарасқызы — 80 келі.