Жалғас Қайролла Астанадағы Grand Slam-де "алтын" иемденді (ВИДЕО)
Отандасымыз 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ұлттық құраманың қоржынына жарыстағы алғашқы алтын медальді салды.
Финалдағы белдесу
Қайролла алтын медаль үшін өткен белдесуде молдовалық Петру Пеливанмен кездесті. Финалда қазақстандық дзюдошы сенімді өнер көрсетіп, қарсыласын ұтып кетті.
Бұл жеңіс Қазақстан құрамасы үшін ерекше маңызға ие. Себебі Қайролланың алтыны — елордада өтіп жатқан Grand Slam турниріндегі Қазақстан командасының алғашқы жоғары дәрежелі жүлдесі.
Қазақстан құрамасының медаль қоржыны толықты
81 келіге дейінгі салмақта тағы бір қазақстандық дзюдошы Досхан Жолжақсынов қола жүлде үшін күресті. Дегенмен шешуші белдесуде бразилиялық Давид Лимаға есе жіберіп, жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Сондай-ақ бүгін Қазақстан құрамасына тағы бір медальді Аңсарбек Ғайнуллин алып берді. 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз қола медаль үшін өткен кездесуде молдовалық Влад Митрудан басым түсті.