"Сіздерде талант көп": Өзбекстан бапкері Қазақстан боксына баға берді
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Сәтжанов Өзбекстан құрамасының бас жаттықтырушысы Тулкин Киличевтің қазақ боксына қатысты айтқан пікірін еске алды.
Қазақстан боксындағы жас буынның әлеуетіне халықаралық деңгейде жоғары баға берілді. Ұлттық құраманың бұрынғы бас бапкері, қазіргі Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Қайрат Сәтжанов Өзбекстан құрамасының бас жаттықтырушысы Тулкин Киличевтің қазақ боксына қатысты айтқан пікірін еске алды.
Бұл туралы Сәтжанов YouTube-тегі Aqyrys Seitqazy арнасына берген сұхбатында айтты.
Қайрат Сәтжановтың сөзінше, Тулкин Киличев Қазақстандағы боксшылардың талант деңгейіне ерекше тоқталған.
"Тулкин Киличев маған: "Қайрат-аға, бізде көп нәрсе еңбек арқылы келеді. Ал сіздерде, қазақстандықтарда, талантты жігіттер көбірек", – деп айтқан еді. "Жыл сайын сіздерден жаңа мықты балалар шығады. Неге екенін білмеймін, бірақ сіздерде талантты жастар көп", – деді", – деп еске алды Сәтжанов.
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті бұл пікірмен келісетінін жеткізді. Оның айтуынша, қазір Қазақстанның жастар және жасөспірімдер құрамасында болашағы зор спортшылар бар.
"Қазір жастарымыз бен жасөспірімдер арасында талантты жігіттер жеткілікті. Ұлттық құраманы алсақ та, ол жерде де осал боксшылар жоқ", – деді Қайрат Сәтжанов.
Қазақстан мен Өзбекстан бокстағы басты қарсыластардың бірі
Қазіргі таңда Өзбекстан әлемдік әуесқой бокста Қазақстанның негізгі қарсыластарының бірі саналады. Соңғы жылдары өзбек боксшылары халықаралық аренада тұрақты нәтиже көрсетіп келеді.
Әсіресе Париж Олимпиадасы Өзбекстан құрамасы үшін тарихи жарыс болды. Тулкин Киличев шәкірттері 2024 жылғы Олимпиада ойындарында бес алтын медаль жеңіп алып, әлемдік бокстағы жетекші күштердің біріне айналды.