Хамзат Чимаев UFC-дегі чемпиондық титулынан айырылып қалды
Жуырда БАӘ атынан өнер көрсететін файтер Шон Стриклендтен жеңілді.
UFC-де орта салмақ дәрежесінің чемпионы Хамзат Чимаев кезекті айқасында күтпеген жерден жеңіліп қалды. Титулдық жекпе-жекте ол америкалық Шон Стриклендке есе жіберіп, чемпиондық белбеуінен айырылды.
Бес раундқа созылған тартысты кездесуде төрешілер жеңісті Стриклендке берді. Осылайша америкалық файтер UFC орта салмағындағы жаңа чемпион атанды.
Чимаев үшін бұл кәсіби мансабындағы алғашқы жеңіліс болды. 15 жекпе-жекте жеңіліс дәмін татпаған еді. Ал Шон Стрикленд 31-жеңісіне қол жеткізді. Оның еншісінде жеті жеңіліс бар.
Чимаев пен Стрикленд арасындағы текетірес қалай басталды?
Хамзат Чимаев пен Шон Стрикленд бұрын Лас-Вегастағы әйгілі Xtreme Couture залында жаттыққан. Алайда уақыт өте олардың қарым-қатынасы шиеленісіп, спорттық бәсеке ашық текетіреске ұласты. UFC 328 турниріндегі титулдық айқас соның шарықтау шегіне айналды.
UFC қауіпсіздік шараларын күшейтті
Жекпе-жек қарсаңында жағдай одан әрі ушықты. Стрикленд Чимаевқа қатысты өте ауыр мәлімдемелер жасап, тіпті қару қолдану туралы да айтқан. Осыдан кейін UFC қауіпсіздік шараларын күшейтіп, жекпе-жек алдындағы дәстүрлі staredown рәсімін өткізуден бас тартты.
Чимаев болса, барынша сабыр сақтауға тырысты.
"Егер мен шын соғыс қаласам, Стрикленд қазір тірі болмас еді", – деген мазмұнда пікір білдірді.
Осылайша Ньюарктегі "Prudential Center" аренасында өткен UFC 328 кешінің басты жекпе-жегі тек спорттық тұрғыдан ғана емес, эмоциялық жағынан да ерекше айқасқа айналды.
Чимаев үшін бұл жеңіліс нені білдіреді?
Хамзат Чимаев UFC-дегі алғашқы жеңілісінен кейін орта салмақтағы позициясын қайта қалпына келтіруге тырысады.
Ал Шон Стрикленд үшін бұл жеңіс — чемпиондық белбеуді қайтарып қана қоймай, орта салмақтағы мәртебесін қайта бекіту мүмкіндігі. Оның Чимаев секілді қарсыласты бес раундтық айқаста жеңуі дивизиондағы жағдайды түбегейлі өзгертуі ықтимал.