Қазақстандық боксшы Азия чемпионатында өзбек қарсыласын айқын жеңді (ВИДЕО)

Жекпе-жек шолушысы

Өзбекстан астанасы Ташкентте жасөспірімдер арасында бокстан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Құрлықтық біріншілікте 15 жасқа дейінгі боксшылар жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізуде.

Қазақстандық боксшы Азия чемпионатында өзбек қарсыласын айқын жеңді (ВИДЕО)
instagram/@boxingkazakhstan

Саят Рахымберді финалға шықты

Қазақстан құрамасының өкілі Саят Рахымберді 33 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаң иесі Шамшод Комиловпен кездесті. Саят қарсыласынан барлық компонент бойынша басым түсіп, төрешілер шешімімен сенімді жеңіске жетті.

Айқас қорытындысы бойынша төрешілердің бесеуі де жеңісті Саят Рахымбердіге берді — 5:0.

“Алтын” үшін жұдырықтасады

Осы жеңістен кейін Саят Рахымберді Азия чемпионатының финалына жолдама алды. Енді ол құрлық біріншілігінің алтын медалі үшін шаршы алаңға шығады.

Бұл нәтиже Қазақстанның жас боксшылары үшін маңызды жетістік саналады. Әсіресе Ташкентте, қарсылас жанкүйерлерінің алдында жеңіске жету Саяттың психологиялық тұрғыдан да мықты екенін көрсетті.

Айта кетейік, биылғы Азия чемпионаты соңғы жылдардағы ең ауқымды жарыстардың бірі болып отыр. Турнирге Азияның 21 елінен 460-тан астам жас боксшы қатысуда.

Құрлықтық дода Asian Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр. Бұл ұйым — World Boxing құрылымының Азиядағы бөлімшесі.