АЧ-2026: Қазақстан-Өзбекстан боксшыларының айқасы нокаутпен аяқталды

Спорт шолушысы

Милана Иншина Азия чемпионатының жартылай финалында өзбек боксшысына есе жіберді. 

АЧ-2026: Қазақстан-Өзбекстан боксшыларының айқасы нокаутпен аяқталды
ng.kz

Қазақстандық боксшы Милана Иншина Ташкентте өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының жартылай финалында жеңіліс тапты.

U-17 жас санатында 46 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Иншина финал жолдамасы үшін Өзбекстан өкілі Рухшонабону Ахадовамен жұдырықтасты. Жекпе-жек екінші раундта тоқтатылып, төрешілер техникалық нокаутпен жеңісті жарыс қожайындарына берді.

Осылайша Рухшонабону Ахадова құрлық біріншілігінің финалына шығып, алтын медаль үшін күресті жалғастырады. Ал Милана Иншина Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Турнир Ташкентте өтіп жатыр

Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ұйымдастырылуда. Жарыс World Boxing ұйымының қолдауымен өтіп жатыр.

Құрлықтық біріншілік 15 мамырға дейін жалғасады. Алдағы күндері финалдық жекпе-жектер өтіп, әр салмақ дәрежесінде Азия чемпиондары анықталады.