Әйелдер арасында бес салмақ бойынша чемпиондар шықты

Спорт шолушысы

Алматыда күрестен Қазақстан кубогында әйелдер арасындағы бәсекелердің кезекті жүлдегерлері белгілі болды.

Әйелдер арасында бес салмақ бойынша чемпиондар шықты
olympic.kz

Жарыстың қорытынды күндерінің бірінде әйелдер арасында қалған бес салмақ дәрежесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Бұл жолы жанкүйерлер күтпеген сенсациялық нәтижелерді көрген жоқ, фавориттердің басым бөлігі өз деңгейін дәлелдеді.

53 келіге дейінгі салмақта Түркістан облысының өкілі Шұғыла Өмірбек Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды. Екінші орын Қостанай облысының балуаны Лаура Әлмағанбетоваға бұйырды. Қола медальдарды Аяжан Маркашева мен Марина Седнёва жеңіп алды.

59 келіде Қарағанды облысының боз кілем шебері Гүлдана Бекеш бірінші орыннан көрінді. Финалда есе жіберген Қаламқас Жүніс күміс жүлде иеленді. Ал Эльмира Сапарбекова мен Аяжан Алдаберген үздік үштікті түйіндеді.

62 келіге дейінгі салмақта елордалық Ирина Кузнецова Қазақстан кубогының чемпионы болды. Екінші орынға Алматы облысының өкілі Тыныс Дүбек тұрақтады. Қола жүлделер Қыз-Жібек Жарқынбаева мен Данагүл Мәлікке бұйырды.

68 келі салмақта басты фавориттердің бірі Жәмила Бақбергенова өз мықтылығын дәлелдеп, алтын медаль жеңіп алды. Күміс медаль Абай облысының өкілі Ирина Казюлинаға берілді. Үшінші орындарды Сабина Төрей мен Айымгүл Абылова иеленді.

72 келіге дейінгі салмақта батысқазақстандық Анастасия Панасович жеңімпаз атанды. Күміс жүлдені Шамшиябану Тастанбек иеленді. Ал қола медальдар Зейнеп Эламас пен Мейрамгүл Мақсотқа бұйырды.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы белдесулер республикалық турнирде бір күн бұрын басталған. Алматыдағы Қазақстан кубогы ел құрамасына үміткер балуандар үшін маңызды жарыстардың бірі саналады.