Қазақстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында сегіз алтын медаль еншіледі

Футбол шолушысы

Қазақстан құрамасы Ташкентте 2026 жылғы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын жоғары нәтижемен аяқтады.

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында сегіз алтын медаль еншіледі
instagram/@boxingkazakhstan

Қазақстан құрамасы 11 финалдың сегізінде жеңіске жетті

15 мамыр күні Өзбекстан астанасы Ташкентте World Boxing ұйымының аясында өткен U-17 Азия чемпионатының финалдық кездесулері аяқталды. Қазақстанның ұлдар және қыздар құрамалары шешуші кезеңде жалпы 11 финалға шығып, оның сегізінде алтын медаль жеңіп алды. 

Ұлдар құрамасы төрт алтын жеңіп алды

Жасөспірім ұлдар арасында Қазақстан сапынан Нұрасыл Ғалым, Әмір Мұхит, Әлібек Алпамыс және Сабыржан Сағым Азия чемпионы атанды.

  • 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Нұрасыл Ғалым финалда Моңғолия өкілі Сулд Усухбаатарды төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңді — 5:0.
  • 60 келіде Әмір Мұхит ринг иесі өзбекстандық Ахмадхон Абдусатторовтан басым түсті. Кездесу 4:0 есебімен қазақстандықтың пайдасына аяқталды.
  • 80 келіге дейінгі салмақта Әлібек Алпамыс финалда өзбекстандық Самандарбек Умаровты жеңіп, алтын медаль иеленді — 4:1.
  • Ал аса ауыр салмақта, яғни +80 келіде өнер көрсеткен Сабыржан Сағым ирандық Мохаммедясин Заирге қарсы финалдық кездесуді мерзімінен бұрын аяқтап, чемпион атанды.

Мейіржан Жүніс пен Ислам Сүлейманоғлы күміс жүлде алды

Қазақстан құрамасы ұлдар арасындағы финалдарда екі күміс медаль да жеңіп алды.

  • 63 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Жүніс финалда Өзбекстан өкілі Рушен Сайдуллаевқа есе жіберді — 0:5.
  • 66 келіде Ислам Сүлейманоғлы тағы бір өзбекстандық боксшы Баходир Холикуловпен жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек те 5:0 есебімен қарсылас пайдасына аяқталып, Ислам күміс жүлдегер атанды.

Қыздар құрамасы төрт алтын және бір күміс медаль еншіледі

Қазақстан қыздар құрамасы да Ташкент төрінде табысты өнер көрсетті. Ел намысын қорғаған Хатшепсут Сәдуақасова, Аяулым Оспанова, Диана Нәдірбек және Жансая Ержан алтын медаль жеңіп алды.

  • 50 келідегі финалда Хатшепсут Сәдуақасова өзбекстандық Парвина Шакарованы жеңді — 4:1.
  • 66 келіде Аяулым Оспанова Қытай өкілі Ди Жиаодан айқын басым түсіп, U-17 жас санатында үш дүркін Азия чемпионы атанды.
  • 75 келіде Диана Нәдірбек үндістандық Джиотиден басым болды — 4:1.
  • 80 келіге дейінгі салмақта Жансая Ержан үндістандық Ваншиканы жеңіп, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль салды.

Балым Ғабитқызы күміс медаль иеленді

60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Балым Ғабитқызы да финалға дейін жетті. Шешуші кездесуде қытайлық Хиню Куиге жол берді — 1:4. Осылайша Балым турнирдің күміс жүлдегері атанды.

Әйелдер арасындағы жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 4 алтын және 1 күміс медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.