Бақыт Сәрсекбаев Қазақстан боксшыларын Баходир Джалоловтың бапкерімен бірге жаттықтырып жатыр (ВИДЕО)
Бокстан Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Бақыт Сәрсекбаевтың жетекшілігімен Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынын жалғастырып жатыр.
Қазақстан, Өзбекстан және Ресей боксшылары бірге жаттығып жатыр
Қазақстан бокс федерациясының мәліметінше, ұлттық құраманың Instagram парақшасында үш ел спортшыларының бірлескен жаттығуынан видео жарияланған. Жаттығуды Өзбекстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Сидней Олимпиадасының жүлдегері Рустам Саидов өткізген.
“Қазақстан, Өзбекстан және Ресей боксшыларының бірлескен жаттығулары жалғасып жатыр. Бүгінгі дайындықты Сидней Олимпиадасының жүлдегері, Өзбекстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Рустам Саидов жүргізді”, — делінген хабарламада.
Бақыт Сәрсекбаевтың шәкірттері Шыршықта дайындалуда
Қазақстанның U-19 құрамасы Шыршықтағы бірлескен оқу-жаттығу жиынын 11 мамырда бастаған. Бұл дайындық жас боксшылардың халықаралық тәжірибесін арттыруға және алдағы жарыстарға сапалы дайындалуына бағытталған.
Бақыт Сәрсекбаев бастаған команда Өзбекстан мен Ресей боксшыларымен бірге спаррингтер өткізіп, техникалық және тактикалық дайындықты күшейтіп жатыр.
Рустам Саидов — Баходир Джалоловтың алғашқы бапкерлерінің бірі
Рустам Саидов бокс әлемінде тәжірибелі маман ретінде танымал. Оның ең белгілі шәкірттерінің бірі — суперауыр салмақтағы өзбек боксшысы Баходир Джалолов.
Джалолов — Токио-2020 және Париж-2024 Олимпиадаларының екі дүркін чемпионы, сондай-ақ әлем чемпионаттарында екі рет топ жарған спортшы. Ол бокс жолын Шыршық олимпиадалық резерв колледжінде Рустам Саидовтың жетекшілігімен бастаған.
Шырршық мектебі талай мықты маманды тәрбиелеген
Шыршық олимпиадалық резерв колледжі Орталық Азия боксы үшін маңызды спорттық орталықтардың бірі саналады. Бұл оқу орнын Қазақстан құрамасының бас бапкері Нұржан Насанов, Өзбекстан құрамасының тәлімгері Тулкин Киличев және Бақыт Сәрсекбаевтың өзі де тәмамдаған.
Сондықтан Шыршықтағы жиын Қазақстан жастары үшін тек жаттығу емес, бокс мектебінің үздік тәжірибесін меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды кезең болып отыр.