30 жеңіс керек. Фаниль Рафиков ММА-дағы мансабын қашан аяқтайтынын айтты

Футбол шолушысы

Ол не 30 жеңіске жеткен соң, не 36 жасқа келгенде спорттағы жолын қайта қарамақ.

30 жеңіс керек. Фаниль Рафиков ММА-дағы мансабын қашан аяқтайтынын айтты
Sportnews.kz

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Фаниль Рафиков спорттық мансабына қатысты жоспарын айтты. Namys Fighting-ке берген сұхбатында ММА-да ұзақ жүргісі келмейтінін және денсаулықты бірінші орынға қоятынын жеткізді.

32 жастағы спортшының сөзінше, ол мансабын 36 жасында аяқтауды көздейді.

Рафиков: "30 жеңіс немесе 36 жас"

Фаниль Рафиков ММА-дағы мақсаты бұрынғысынша өзгермегенін айтты. Ол не 30 жеңіске жеткен соң, не 36 жасқа келгенде спорттағы жолын қайта қарамақ.

"Мансабым 36 жасқа дейін жоспарланған. Одан кейін жалғастырудың мәнін көріп тұрған жоқпын, тіпті жақсы формада болсам да. Себебі одан әрі ең алдымен денсаулықты сақтау керек болады. Қазіргі мақсат өзгерген жоқ – 30 жеңіс немесе 36 жас. Қайсысы бірінші келсе, соған қарай шешім қабылдаймыз. Бұл ММА туралы айтып отырмын. Ал бокс бойынша қызықты ұсыныстар түссе, қарастыруға дайынмын", — деді Рафиков.

Қазір Фаниль Рафиковтың кәсіби ММА-дағы көрсеткіші — 25 жеңіс және 8 жеңіліс.

Ол 30 жеңіске жету үшін әлі бес кездесуде жеңіске жетуі керек. Егер бұл мақсат 36 жасқа дейін орындалса, спортшы мансабын ертерек аяқтауы мүмкін.

Айта кетейік, Рафиков соңғы жекпе-жегін 2026 жылдың сәуір айында өткізді. Ол Ресейдің Ростов-на-Дону қаласында өткен Fight Nights 136 турнирінде Андрей Гончаровпен кездесті.

Үш раундқа созылған айқаста төрешілер жеңісті бірауыздан ресейлік спортшыға берді. Осылайша Рафиков кәсіби мансабындағы сегізінші жеңілісіне ұшырады.