Допинг дауы: Әліби Ыдырыстың бапкері жағдайды түсіндірді

Бокс шолушысы

Оның айтуынша, мәселе салмақ қуу кезінде тыйым салынған препараттың қолданылуынан туындаған.

Допинг дауы: Әліби Ыдырыстың бапкері жағдайды түсіндірді
pin-upsport.kz

Қазақстандық UFC файтері Әліби Ыдырыстың бапкері Айбек Шоқпұтов спортшының антидопинг ережесін бұзуына байланысты шыққан дисквалификация жайын түсіндірді.

Erkin Kush залында Әліби Ыдырыспен жұмыс істейтін маман Namys Fighting-ке берген сұхбатында бұл оқиға спортшы мен оның командасына үлкен сабақ болғанын айтты.

UFC Ыдырысты бір жылға шеттеткен

Сәуір айының басында UFC ресми сайтында Әліби Ыдырыстың антидопинг ережесін бұзғаны үшін бір жылға дисквалификацияланғаны жарияланған болатын.

Спортшының сынамасынан тыйым салынған диуретик — гидрохлоротиазид табылған. Осыған байланысты оның ямайкалық Оди Осборнға қарсы жеңісті жекпе-жегінің нәтижесі де жойылды.

Кейін Әліби Ыдырыстың өзі бұл препарат классикалық мағынадағы допинг болмағанын, бірақ тыйым салынған заттар тізіміне кіретінін түсіндірген.

Бапкер: "Әлібиде допинг болған жоқ"

Айбек Шоқпұтовтың айтуынша, бұл жағдай салмақ қуу процесі кезінде кеткен қателіктен туындаған.

"Әлібиде допинг болған жоқ. Бұл жерде салмақ қуу процесі дұрыс өтпеген сәт болды. Ол осыған арналған препараттарды қолданған. Оның өзінде қолданған мөлшері өте аз болды. Негізі, оны қолданбай-ақ қоюға болатын еді. Бірақ біздің білместігіміз әсер етті", — деді бапкер.

Шоқпұтов бұл мәселеде команданың да, спортшының да сабақ алғанын атап өтті. Оның сөзінше, кейбір процестер алдын ала толық келісілген деп ойлаған.

"Мен де соңына дейін хабардар болған жоқпын. Есімін атамаймын, бірақ Әліби диета ұстап жүрген адамымен үнемі байланыста болды. Мен бұл мәселе сол жақта келісілген шығар деп ойладым. Неге Әліби бұлай істеді? Меніңше, бұл жерде заңды білмеу факторы болды. Бірақ бұл жауапкершіліктен босатпайды. Бұл бізге ғана емес, бәріне сабақ болды. Бұлай болмауы керек екенін түсіндік", — деді Айбек Шоқпұтов.