Мұхит Амантаев Марсельмен жекпе-жек үшін ұсынылған гонорарды айтты
Қазақстандық бокс жаттықтырушысы Мұхит Амантаев қырғызстандық Марсель Нурланбек уулумен өтуі тиіс жекпе-жектің не себепті ұйымдастырылмай қалғанына қатысты пікір білдірді.
"25 миллион теңге — қомақты ақша"
Амантаевтың айтуынша, тараптар арасында жекпе-жекке қатысты келіссөз болған. Бірақ кейін Марсель тарапы гонорар және басқа да талаптарды айта бастаған.
"Сен гонорар туралы айттың, кейін басқа нәрсені сөз қыла бастадың. 25 миллион теңге — өте қомақты ақша», — деді Мұхит Амантаев.
Қазақстандықтың сөзінше, бұл тақырыпқа енді нүкте қойылған. Ол телефон арқылы бір-біріне қоқан-лоқы көрсету, сөз таластыру немесе" қашықтан төбелес ұйымдастырудың" мәні жоқ екенін айтты.
Алматыда 13 мың көрерменнің алдында face-to-face өтті
Амантаев жекпе-жекке өзі толық дайын болғанын жеткізді. Марсель бастапқыда ұсынысты қабылдап, face-to-face рәсіміне де қатысқан. Бұл кездесу "Алматы Аренада" 13 мың көрерменнің алдында өткен.
"Марсельмен face-to-face жасап, оны “Алматы Аренада” 13 мың көрерменнің алдында өткіздік. Мен өз тарапымнан 100 пайыз шығуға дайын болдым. Сен де басында: “Келісемін, шақыртуды қабылдаймын”, — дедің, face-to-face жасадың. Ал кейін гонорар мен басқа нәрселерді айта бастадың", — деді.
Қазақша мақалмен жауап берді
Сөзінің соңында қазақстандық жаттықтырушы уәдеде тұрудың маңызына тоқталып, қазақтың мақалын мысалға келтірді.
"Қазақта “Ер жігіт екі сөйлемейді” деген сөз бар. Тағы бір сөз бар: “Айтылған сөз — атылған оқ”. Сондықтан айтылған уәденің салмағы болуы керек", — деді Мұхит Амантаев.