Мейірбек Төлегенов октагонға қашан оралады?
Қазақстандық ММА файтері Мейірбек Төлегенов келесі жекпе-жегінің нақты күнін және қарсыласының есімін жариялады. Спортшы 23 мамыр күні Атырауда өтетін Batyr FC турнирінде октагонға шығады. Бұл туралы Төлегенов Meta-ratings.kz-ке берген пікірінде айтты.
Қарсыласы — Өзбекстан файтері
Мейірбек Төлегеновтің қарсыласы Өзбекстан өкілі Джавохир Холтоджиев болады. Жекпе-жек 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтеді.
Қазақстандық спортшы қарсыласының қауіпті тұстарын жақсы білетінін және оған қарсы арнайы жоспар дайындағанын жеткізді.
"Мен 23 мамыр күні Batyr FC турнирінде жұдырықтасамын. Жекпе-жек 66 келіге дейін өтеді. Қарсыласым — Өзбекстаннан Джавохир Холтоджиев. Жақсы файтер, солақай, соққы жасай алады, күресе де біледі. Оған қарсы өз дайындаған әдістерім бар. Соларды осы жекпе-жекте көрсетемін", — деді Төлегенов.
Мейірбек Төлегеновтің негізгі жұмысы спортпен ғана шектелмейді. Ол Атырауда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді.
Файтердің айтуынша, жекпе-жек болатын күні таңертең мектептегі соңғы қоңырау шарасына қатысып, кешке торға шығады.
"Мен Атырауда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Таңертең мектептегі соңғы қоңырауға барамын, ал кешке торда төбелес ұйымдастырамын", — деді қазақстандық спортшы.
Қарсылас қысқа уақытта ауысқан
Төлегенов бұл жекпе-жекті қысқа мерзімде қабылдағанын да айтты. Бастапқы қарсыласы турнирге бірнеше күн қалғанда кездесуден бас тартқан. Осыдан кейін ұйымдастырушылар оған жаңа қарсылас тапқан.
Дегенмен Мейірбек бұл жағдайға аса мән бермейтінін жеткізді. Оның басты мақсаты — жанкүйерлерге тартысты айқас көрсетіп, жеңіске жету.
"Бұл ұсынысты қысқа уақытта қабылдадым. Қарсыласым турнирге бірнеше күн қалғанда бас тартты, кейін маған жаңасын тапты. Бірақ мұның бәрі маңызды емес. Жақсы шоу көрсетіп, осы жекпе-жекте жеңіске жеткім келеді. Жанкүйерлерімді жарқын жеңіспен қуантқым келеді", — деді Төлегенов.
Batyr FC кешінің басты жекпе-жегі
Мейірбек Төлегенов пен Джавохир Холтоджиев арасындағы айқас Атырауда өтетін Batyr FC турнирінің кардында болады.
Кештің басты оқиғасы ретінде қазақстандық танымал файтер Қуат Хамитов пен ирандық Али Хейбати арасындағы жекпе-жек жоспарланған.