Қазақстандық спортшылар допинг дауына ілікті: "Қара тізімде" кім бар?

Бокс шолушысы

Ауыр атлетика, күрес, дзюдо, таеквондо және басқа спорт түрлерінің өкілдері ұзақ мерзімге дисквалификацияланды.

Қазақстандық спортшылар допинг дауына ілікті: "Қара тізімде" кім бар?
sportarena.kz

Қазақстанның Ұлттық антидопинг орталығы допингке қарсы ережені бұзған спортшылардың жаңартылған тізімін жариялады. Ұйымның ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, бірнеше спорт түрінің өкілдері WADA кодексін бұзғаны үшін ұзақ мерзімге жарыстардан шеттетілді.

Тізімге ауыр атлетика, күрес, дзюдо, таеквондо, пара-пауэрлифтинг, спорттық гимнастика және джиу-джитсу өкілдері енген.

Ауыр атлетикадан үш спортшы шеттетілді

Допинг дауына іліккендердің арасында зілтеміршілер де бар. Бұл спорт түрінен үш қазақстандық дисквалификация алды.

  • Анастасия Антропова - метандиенон

2025 жылдың 3 қыркүйегінен 2028 жылдың 3 қыркүйегіне дейін жарыстардан шеттетілді.

  • Вячеслав Корщиков - GHRP-6

2025 жылдың 20 қазанынан 2028 жылдың 20 қазанына дейін дисквалификацияланды.

  • Тұңғат Жуат - дростанолон

2026 жылдың 20 қаңтарынан 2029 жылдың 19 қаңтарына дейін спорттан шеттетілді.

Күрес түрлерінде де бірнеше жағдай тіркелді

Әйелдер күресінен Мадхия Усманова мен Диана Асылбекова допингке қарсы ережені бұзғандар қатарына енді.

  • Мадхия Усманова - мельдоний

2025 жылдың 13 қазанынан 2029 жылдың 12 қазанына дейін дисквалификация алды. 

  • Диана Асылбекова - фуросемид

2026 жылдың 6 қаңтарынан 2028 жылдың 5 қаңтарына дейін жарыстарға қатыса алмайды.

Еркін күрестен Мирас Сұлтанбек пен Әлібек Әбдіқасымов шеттетілді. Сұлтанбек мельдоний үшін 2026 жылдың 9 қаңтарынан 2029 жылдың 8 қаңтарына дейін, ал Әбдіқасымов дростанолон үшін 2026 жылдың 20 қаңтарынан 2030 жылдың 19 қаңтарына дейін дисквалификацияланды.

Грек-рим күресінен Ерзат Ерланов станозолол және кломифен үшін 2026 жылдың 20 қаңтарынан 2030 жылдың 19 қаңтарына дейін спорттан шеттетілді.

Пара-пауэрлифтингтен Айгерім Айдарқызы фуросемид препараты үшін 2025 жылдың 4 шілдесінен 2027 жылдың 3 шілдесіне дейін дисквалификация алды.

Камиль Хузиахметов допинг сынамасында тыйым салынған зат анықталғаны үшін емес, өзінің орналасқан жері туралы ақпаратты дұрыс ұсынбағаны үшін 2025 жылдың 23 қазанынан 2027 жылдың 22 қазанына дейін жарыстардан шеттетілді.

Спорттық гимнастикадан Арина Лебедева сибутрамин үшін 2025 жылдың 7 қарашасынан 2027 жылдың 7 қарашасына дейін дисквалификацияланды.

Дзюдо, таеквондо және джиу-джитсу спортшылары да жазаланды

Дзюдодан Ержан Еренқайыпов мельдоний препаратына байланысты 2025 жылдың 27 қарашасынан 2028 жылдың 27 қарашасына дейін шеттетілді.

Таеквондодан Хальзальпер Ромашкин фуросемид үшін 2025 жылдың 21 қарашасынан 2028 жылдың 20 қарашасына дейін жарыстарға қатыса алмайды.

Джиу-джитсудан Айкүміс Абжанова фуросемид үшін 2026 жылдың 23 ақпанынан 2028 жылдың 22 ақпанына дейін дисквалификация алды.